Студенттер баспанаға ақша жинап жатыр: 76 жастағы профессорды алаяқтары алдап кеткен

Jul 11, 2025 IDOPRESS
Дина Шарипханова Корреспондент ПОДЕЛИТЬСЯ Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 76 жастағы профессоры

Дина Шарипханова

Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 76 жастағы профессоры Кәкен Қамзин интернет-алаяқтардың құрбаны болды. Полиция тергеу жүргізіп жатыр,- деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Не болды?

Әлеуметтік желілерде арнайы орган қызметкерлері болып танысқан белгісіз адамдар Кәкен Қамзинмен хабарласып,алаяқтар оның пәтерін тартып алуы мүмкін екені айтылған ақпарат тарады. Олар профессорға пәтерін сатып,ақшаны банк шотына салуға кеңес берген. Ол "кеңеске" құлақ асып,пәтерді сатқаннан кейін түскен ақшаны алаяқтар жіберген курьерге табыстаған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша,қазіргі пәтер иелері профессордың дереу көшуін талап етіп отыр. Осы уақытта студенттер мен оқиғаға бейжай қарамаған қазақстандықтар ұстаздың баспанасын қайтару үшін қаражат жинап жатыр.

Полиция не дейді?

ОҚК брифингінде ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай бұл қылмыс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Тергеу мүддесіне байланысты ақпарат жария етілмейді. Қылмыскерді анықтау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын ғана айта аламын",– деді ол.

Журналистер профессор жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін бе деп нақтылады.

"Менің ойымша,ол баспанасыз қалмайды. Бұл пәтер өзінікі. Алаяқтық әрекеттерге процессуалдық баға беріледі",– деп жауап берді Жандос Сүйінбай.

Сондай-ақ,ол пәтерді сатып алушылардың іске қатысы бар-жоғы да тексерілетінін айтты.

ҚазҰУ сайтындағы ақпаратқа сәйкес,Кәкен Қамзин 1949 жылдың 13 маусымында Талдықорған облысы Алакөл ауданының Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Журналистика факультетінің "Баспа ісі және электронды БАҚ" кафедрасының доценті – өзі оқыған жоғары оқу орнында сабақ береді.